Іс-шара барысында ҚР Елшісі Еркебұлан Сәпиев Қазақстан мен Түркияның саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізген нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, екі елдің сауда-экономикалық қатынастары бойынша Түркия Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі болып табылатынын және 2021 жылғы нәтижелері бойынша екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4 млрд АҚШ долларынан асып отырғанын, 2022 жылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тауар айналымы 1,5 млрд АҚШ долларына жеткенін және алдағы уақытта осындай динамика сақталғанда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5 млрд АҚШ долл. Арға жететінін мәлімдеді.

Бұл өз кезегінде екі мемлекет басшыларының  келешектегі сауда айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізу жөніндегі мақсатқа жетуді білдіреді.

Сонымен қатар, Елші жақында ҚР Президентінің Түркияға жасаған мемлекеттік сапары барысында маңызды 15 құжатқа қол қойылғанын және мемлекет басшыларының қазақ-түрік қарым-қатынастарын «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешімдерін атап өтті.   

Елші Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда өтетін республикалық референдумға тоқталып өтті.

Шараға қатысқан белгілі түрік сарапшылары - Анкара саясат және дағдарыс зерттеулері орталығының (АНКАСАМ) төрағасы Мехмет Сейфеттин Ерол және Сахипкыран стратегиялық зерттеулер орталығының (SASAM) төрағасы Месут Эмре Каракөсе Қазақстандағы жаңа саяси реформаларға жан-жақты тоқталып өтіп,  ҚР Президенті Қ. Тоқаев тарапынан енгізіліп отырған саяси реформалар қазақ қоғамы үшін өте дер кезінде қолға алынған және қажетті реформа болып есептелетінін атап өтіп, Қазақстандағы демократиялық реформалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын білдірді.

Іс-шараға Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (Парламенті) депутаты және Қазақстан-Түркия достық тобының төрағасы Ирфан Картал, АНКАСАМ мен SASAM басшылығы мен Түркия-Қазақстан достық қорының төрағасы Жесур Таш, сарапшылар мен қоғамдық-саяси қайраткерлер, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Анкарадағы қазақстандық студенттер қатысты.