Әңгімелесу барысында Дәурен Абаев екі ел арасында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық тығыз байланыстар орнағанын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінде Қазақстанға Финляндияның спортшылар мен жаттықтырушыларды даярлаудағы тәжірибесі, сондай-ақ бұқаралық спортты көпшілікке қолжетімді ету және спорттық инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобалары ерекше қызығушылық тудырады.

«Финляндия халқының физикалық белсенділік деңгейі әлемде ең жоғары көрсеткіштердің бірі екені белгілі. Бұл көп жағдайда мемлекеттік қолдаудың, сіздің еліңіздің аумағында іске асырылып жатқан жобалардың арқасында деп білемін. Сондықтан да фин спортшылары ірі халықаралық жарыстарда үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Оның ішінде алдыңғы кезекте қысқы спорт түрлері тұрғаны анық», - деді Дәурен Абаев.

Министр Финляндияның тез тұрғызылатын және аз шығын кететін дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салудағы, оның ішінде әсіресе ауылдық жерлерді қамту тәжірибесіне жеке тоқталды. Осы тұрғыда Дәурен Абаев фин құрылыс компанияларымен және жобалау ұйымдарымен жұмыс істеудің маңыздылығына мән берді.

Сондай-ақ, тараптар спорт жаттықтырушылары мен менеджерлерін даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселесіне  тоқталды. Бұл бағытта шаңғы спорты бойынша Қазақстан фин мамандарын шақыру мүмкіндігін қарастыруда. Осы ретте Финляндияның спорт колледждері жұмысының оң тәжірибесін Қазақстанда да қолдануға болады.

Өз кезегінде Петри Хонконен Қазақстанның жекпе-жек мектебі әлемдегі ең мықтылардың бірі екенін атап өтті. Финляндия тарапы осы бағытқа қызығушылық танытып отыр.

Айта кетейік, жақында Дәурен Абаев Швейцария мен Қазақстан командалары арасындағы хоккейден әлем чемпионатының матчына қатысып, оның қорытындысы бойынша қорғаушы Валерий Ореховқа команданың үздік ойыншысы атағын жеңіп алғаны үшін алғыс білдіріп, сыйлық табыс етті.