Жобаның мақсаты – еліміздегі шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету. Бұл жобаның маңызы зор. Өйткені осының арқасында халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туады.
«Биыл «Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырда Алматы қаласынан шығып, 6 қарашаға дейін жолда болады. Ал екінші пойыз – «Саламатты Қазақстан» 20 маусымнан 2 қарашаға дейін өз жұмысын атқарады. Пойыздар Қазақстанның барлық облысын аралап, 147 станцияда жергілікті халыққа көмек көрсетеді. «Жәрдем» пойызы – Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарына; «Саламатты Қазақстан» Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарына барады. Медициналық бригадалардың құрамында терапевтер, стоматологтар, офтольмолгтар, маммологтар, хирургтер және басқа да бағыттарда қызмет ететін мамандар болады», - деді спикер.