Кездесу барысында Министр бүгінгі таңда Қазақстан үшін өзекті экологиялық мәселелердің бірі қалдықтарды кәдеге жарату екендігін атап өтті. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде, өндіріс пен тұтынудың ұтымды модельдеріне көшу үшін қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту жүріп жатыр. Қоршаған ортаны қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастры шамамен алты жыл бойы жұмыс істеп келеді. Ел халқының 70%-дан астамы қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен қамтамасыз етілген деп сеніммен айтуға болады.

Мәселен, өткен жылы Ақмола облысының әкімдігімен бірлескен жол картасы бекітілді, оған облыстың Ақкөл ауданында органикалық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйесін енгізу бойынша француз компаниясы қатысады.

С.Брекешев Француз тарапының геология саласын дамытудағы әлеуетін атап өтті: «Біз геологиялық-геофизикалық зерделеуді арттыру және перспективалы учаскелерді анықтау, геология саласының инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану процестерін цифрландыру және автоматтандыру бөлігінде геологиялық қызметтер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз».

Сондай-ақ, тараптар су ресурстарын ұтымды пайдалану және жаңа Су кодексін әзірлеу бөлігінде консультациялар өткізу мәселелерін талқылады.