ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, жарыстың ақтық кезеңін бақылады, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар табыстады.

«Спортшылар мен жаттықтырушылар және болашақ чемпиондардың ата-аналары үшін шын жүректен қуаныштымын. Өңірлерде осы жарысты өткізу туралы бастаманы үлкен ынтамен қарсы алғандары қуантады. Күрделі іріктеу кезеңдерінен кейін елордада ең мықты спортшылар жиналды. Бұл жарыстардың атмосферасы сіздерге жағымды эмоция мен әдемі әсер сыйлайды, ал жарқын жеңіс қосымша серпін мен мотивация береді деп сенемін», - деді министр.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев аталған жарыс дәстүрлі түрде өтетініне және жас таланттарды ашуға көмектесетініне сенім білдірді.

Айта кетейік, 1-4 мамыр аралығында өткен іріктеу кезеңіне республиканың барлық өңірінен 17 команда қатысты. Аймақтық турнир Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Тараз қалаларында өтті.
Финалдық кезеңде медальдар спорттың төрт түрі бойынша ойнатылды: бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес. Министр Кубогінің жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайды. 1 орын - 5 миллион, 2 орын – 3 миллион, 3 орын – 2 миллион теңге.

Жарыс қорытындысы:

1 орын - Қ. Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Нұр-Сұлтан қаласы)

2 орын - Кәркен Ахметов  атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Алматы қаласы)

3 орын - Қызылорда облысының «Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» КММ (Қызылорда облысы).