Әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптасты. 

«Жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 105 мың гектарға артық. Жем-шөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн га құрады. Сондай-ақ, картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар алқабы ұлғайтылды. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше рет облыс әкімдіктерімен кеңестер өткізді. Егіс жұмыстарын жүргізуге, шаруа қожалықтарын тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб құрылды, оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары енгізілді. Штаб отырысы тұрақты түрде өткізіледі», - деді АШМ вице-министрі.