Бірінші нысан Жедел басқару орталығы болды. Тәулік бойы режимде өңір тұрғындарының қауіпсіздігін екі мыңнан астам сыртқы бейнебақылау камералары бақылайды. Полицейлердің бастамасы бойынша ЖБО-ға 1070 “Жаппай бейнебақылау” камерасы біріктірілді. Тағы бір жаңалық – бұл бейнекамералар секторларға бөлініп, әкімшілік учаскелер бойынша учаскелік полиция инспекторларының смартфондарына шығарылды, бұл бекітілген аумақта қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Өңірде бейнебақылау желісін кеңейтумен қатар қылмыстық істерді электрондық форматта тергеу кезінде заманауи цифрлық технологиялар, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеудің автоматты жүйелері белсенді пайдаланылуда. Ведомство басшысы облыстың автожолдарындағы апаттылықты азайтуға ерекше назар аударды. Полицейлер М. Ахметжановқа автожолдардың қауіпті учаскелеріндегі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды көрсетті.

Атап айтқанда, 2700-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтауға мүмкіндік берген төрт “Автоураган” жүйесі пайдалануға берілді, 14 камера Нұр-Сұлтан – Павлодар, Екатеринбург – Алматы және Нұр-Сұлтан – Петропавл республикалық трассаларының аркаларында орнатылды.

Авариялық қауіпті 92 учаскеде 300 метр қашықтықта жолдың жүру бөлігіне “шулы жолақты” салу, ал жүргізушінің зейінін арттыру үшін тақырыптық билбордтар мен жарық құралдары немесе страбоскоптарды орнату жоспарлануда. Нұр-Сұлтан – Щучинск және Нұр-Сұлтан – Қарағанды автомагистральдарында 15 жарқылдауық маяк жұмыс істеп тұр.

Ауа райының нашарлауы кезеңінде жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдаушылық тудырады. Полицейлердің бастамаларының бірі – мүдделі ведомстволардың жолдарды жабу кезіндегі іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмін әзірлеу. Барлық айтылған бастамаларды Ішкі істер министрі бақылауға алып, проблемалық мәселелерді шешуге көмектесуге уәде берді.

Бұдан әрі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында департаменттің жеке құрамымен кездесті. Министр бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың полицейлерге қоятын талаптарын айтты. М. Ахметжанов алдағы референдумды маңызды тарихи оқиға ретінде сипаттап, полицейлерді өзінің азаматтық борышын орындауға ғана емес, сондай-ақ осындай маңызды іс-шараны өткізу кезінде құқықтық тәртіптің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге шақырды.

Жеке құраммен әңгіме барысында ведомство басшысы ІІМ-де жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді. Атап айтқанда, бұл жұмыстың сервистік моделіне көшу, “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы және “полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидаты, цифрландыру мен бюрократизацияны енгізу жайлы айтты. Марат Ахметжанов Полиция департаментінің барлық қызметтерінің жұмысына егжей-тегжейлі тоқталып, полиция қызметкерлерінің алдына тиісті міндеттер қойды. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол бермеу және тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау атап өтілді.

Өз кезегінде Полиция департаментінің бастығы Думан Таев ведомство басшысына сенім білдіргені үшін алғысын айтып, жеке құрам қызметтік міндеттерін орындауға дайын екенін жеткізді. Жұмыс сапары № 4 учаскелік полиция пунктіне барумен аяқталды. Бұл облыс орталығындағы ашық форматта жұмыс істейтін ең ірі пункттердің бірі. Учаскелік пункт базасында пробация қызметі мен көші-қон қызметінің кабинеттері орналасқан.

Полицияның сервистік үлгісінің негізгі фигурасы – учаскелік инспектор және ІІМ-нің осы маңызды бөлімшесінің қызметіне үлкен назар аударылуда. Полиция қызметкерлерімен әңгіме барысында ведомство басшысы қызмет жағдайымен, материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты, полиция қызметіндегі жаңа тәсілдер, құқық бұзушылықтың алдын алу және халықпен коммуникация құралдары туралы айтты.