Өнеркәсіп облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ға жуығын қалыптастыратын экономиканың басты драйвері болып табылады. 2017 жылдан бастап өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2 есеге өсті.

«5 жыл ішінде облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 65%-ға, жан басына шаққандағы ЖӨӨ 1,4 млн теңгеге артты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 95%-ға өсті. ШОБ үлесі 24%-дан 28,2%-ға дейін ұлғайды. Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 есеге, оның ішінде жеке инвестициялар 2,6 есеге артты», - деп нақтылады Б.Омарбеков.

Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,3 млрд. теңгеге 1 173 жоба субсидияланды, инфрақұрылымдық жобалар қаржыландырылды, сондай-ақ 170 млн. теңге сомасына гранттар берілді.

Өңірде кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Тек 4 айдың ішінде ондаған ірі жобалар өз қолдауын тапты.

Ақмола облысында ШОБ субъектілерін қолдауға биыл 5,3 млрд. теңге қарастырылған.

«Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 25 жобаны іске асыруға 6,5 млрд теңге бөлінді. 20-дан астам елді мекенді қамту жоспарлануда. Облыс орталықтарын, моно- және шағын қалаларды дамыту бағдарламалары шеңберінде Степногорск, Макинск және Ақкөл қалаларында автомобиль жолдары мен жылу желілерін жаңғыртуға 2 млрд. теңге көзделген», - деп атап өтті Ұлттық экономика вице-министрі.

2022 жылы 259 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспана сатып ала алады. Бұл мақсатқа 1,2 млрд. теңге жоспарланған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру 2023 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялардың 26,2%-ға өсуін, жергілікті бюджетке түсетін кірістер түсімдерінің 1 млрд теңгеге ұлғаюын және 1,5 мың жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді.