Іс-шараға Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Алматы әкімі Ерболат Досаев, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Дәурен Абаев құттықтау сөзінде Қазақстан халқы үшін Асанәлі Әшімов өнер мен руханият саласының дамуына баға жетпес үлес қосқан аты аңызға айналған тұлға екенін атап өтті.

«Сіз жүректерден өшпестей орын алған дара болмысыңыз арқылы қазақ киносы мен театрының тұтас дәуірін көз алдымызға әкелесіз. Жұртшылық өзіңізді кино мен театрға бар саналы ғұмырын арнап, ұлт өнерін ұлықтауда аянбай тер төгіп келе жатқан қажырлы қайраткер ретінде құрмет тұтады. Бұл – кез келген өнер иесінің басына бұйыра бермейтін бақ. Шығармашылық жолыңыз бен азаматтық ұстанымыңыз көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпақ пен жас әріптестерге таптырмас темірқазық», - деді Дәурен Абаев.

Министр туған күн иесіне зор денсаулық, отбасына береке-бірлік және жаңа шығармашылық табыс тіледі.