Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған бірыңғай логотип пен арнайы видеороликтер дайындалып өңірлерге таратылды. Бүгінде мемлекеттік органдардың ресми сайттарында және әлеуметтік желілерде жариялануда. Мақсат  - мемлекеттік рәміздердің құндылығын халық арасында кеңінен насихаттау.

«Жаңа тарихымыздағы ерекше маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінің белгіленуі. 1992 жылы 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Гимнінің музыкалық редакциясы туралы» заңдарына қол қойылды. Биыл сол Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл толып отыр.  Бүгінде өткенге салауат, келешекке аманат етер Гимніміз, халқымыздың тарихи жолын, туған еліміздің тұрмыс-тіршілігін, ұлтымыздың салт-дәстүрін паш етер Елтаңбамыз, қолымызда желбіреген Көк байрағымыз бар. Қазақстанды мекен еткен әр түрлі халық өкілдерінің рухани бірігуіне деген ұмтылысын, болашаққа деген сенімін арттыруды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының рәміздерінің 30 жылдығы мерзімінде мемлекеттік рәміздердің орынды және стандартқа сай пайдалануының маңызы зор», - деді вице-министр.