Оқушылар сарайындағы арнайы жасақталған кабинеттің материалдық базасымен танысқан Қанат Бозымбаев балаларды мерекелерімен құттықтап, тілегін жеткізді.
- Күні ертең біреуің ұшқыш, бірің стюардесса, енді бірің борт механигі болып, болашақ өмірлеріңді авиациямен байланыстыруларың мүмкін. Бұл мектеп сол арман-мақсаттарыңа жол көрсетеді. Болашақта облыс аумағында авиациялық колледж ашылады, елімізде азаматтық авиация академиясы, әскери училищелер бар. Осы мектептен қанаттанып шығып, білімдеріңді сол оқу орындарында жалғастыруларыңа болады. Осы мектепте жақсы оқып, дұрыс білім алып, Талдықорғанның атын шығарып, үлкен дәрежеге жетесіңдер деп сенемін, - деді Қ.Бозымбаев.
Азаматтық авиация академиясының проректоры Алжапар Сәретбаев та жеткіншектерге Айдын Айымбетовтей азамат болуларына тілектестік білдірді. Оның айтуынша, мұндай мектеп тек Ақтөбеде бар. Бұл - елімізде ашылып отырған екінші мектеп. Балаларға кәсіби бағыт-бағдар беруде бұл үйірменің берері көп болмақ.
Қонақтармен әңгімелесу барысында балалар армандарын айтып, ой бөлісті. Мәселен, мектепке алғашқылардың бірі болып жазылған Динара Диханбекова "Мен кішкентай кезімнен стюардесса болғым келетін. "Жас ұшқыш" мектебі ашылғанда қатты қуандым. Ұшақта адамдарды күліп шығарып салып, күліп қарсы алғым келеді", - дейді. Балалардың бірі экологияға зиянсыз жаңа ұшақ құрастыруды армандаса, енді бірі ұшақтың әрбір ұсақ тетіктерінің бәрін меңгергісі келеді.
"Жас ұшқыш" үйірмесінің жетекшісі Сергей Чернышовтың айтуынша, мұнда 5-10 сынып оқушылары - 20 баладан 8 топ, яғни 160 бала дәріс алмақ. Оларға сабақ-тапсырмалар жас ерекшелік деңгейіне қарай беріледі. Педагогикалық ұжымда 3 жетекші жұмыс істейді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.