Конференцияны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, өнеркәсіп секторының өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.

Қатысушылар энергия тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға жүктемені азайту үшін озық технологиялық шешімдермен, сондай-ақ «жасыл» жобаларды іске асыру аясында көміртегі мөлшерін азайту бойынша қазіргі мүмкіндіктермен танысты.

Сондай-ақ «NCOC», «Теңізшевройл», «ERG», Павлодар мұнай-химия зауыты сияқты ірі кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерді жақсарту тәжірибесімен бөлісті.

Шарада сөз алған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қоршаған ортаны қорғауда ең озық қолжетімді технологияларды қолданудың маңыздылығына тоқталды.

- Өткен жылы уақыт талаптары мен халықаралық тәжірибені ескере отырып Экологиялық кодекс жаңартылды. Негізгі бағыттардың бірі - ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, қоршаған орта сапасын нормалауға бағдар беру, үздік халықаралық тәжірибелер негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық ең озық қолжетімді технологияларды қолдануды негізге ала отырып, қоршаған ортаның ластануын болғызбау қағидатын ұстанады, – деді С. Брекешев.

Өз кезегінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев талқыланған мәселелердің өңір үшін маңызды екенін атап өтті.

- Бүгінгі кездесу жаһандық мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Экология бір қалыпта тұрмайтыны белгілі. Табиғатты өз мүмкіндіктерімізге пайдаланғанымызбен, оның тазалығын сақтау да біз үшін - үлкен жауапкершілік. Қоршаған ортаны қорғау - әрбіріміздің басты міндетіміз. Сондықтан осы конференциядан кішкене де болса ой түйіп, тәжірибе алмассақ, осы отырған жауапты тұлғалардың еңбегінің еш кетпегені. Бүгінгі айтылған озық тәжірибелер - өңіріміздің экологиясын сақтауға мол мүмкіндік бермек, - деді Нұрлан Ноғаев.