Қорғаныс министрі елордадағы №88 мектеп-лицейінің ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.

Қорғаныс ведомствосының басшысы жалпыреспубликалық референдум әскерилер үшін осы заманғы және бәсекеге қабілетті мемлекет құруда маңызды кезең болып табылатынын атап өтті.

- Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері өздерінің азаматтық парызын орындаудың жауапкершілігін, конституциялық таңдауы және әрбір дауыстың маңыздылығын жете түсінеді. Отан қорғаушылар еліміз үшін тарихи маңызы бар оқиғаға жүзпайыздық құраммен қатысу үстінде, - деді министр.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер тұрғылықты жеріндегі сайлау учаскелерінде дауыс берді. Мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының курсанттарына әскери бөлімдер мен мекемелердің аумағында өз дауысын беру мүмкіндігі берілді.Әскери бөлімдер мен госпитальдардағы сайлау учаскелері осы мақсаттар үшін арнайы жабдықталған.

– Республикалық референдум – халықтың өз еркін білдіруінің ең демократиялық тәсілі. Оның еліміз үшін тарихи маңызын айтып жеткізе алмаймын. Биыл 18 жасқа толдым. Мен әскерде алғаш рет дауыс беруге қатысып тұрмын. Әрбір дауыс Қазақстандағы тұрақтылыққа ықпал ететініне сенімдімін. Сондықтан референдумға қатысуды өзімнің азаматтық парызым деп білемін, – деді Жамбыл облысынан алматылық десанттық-шабуыл құрамасына шақырылған мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Ерсұлтан Досбол.

Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумда барлығы 130 мыңнан астам әскери қызметші, Қарулы күштердің азаматтық персоналы мен олардың отбасы мүшелері дауыс берді.