Норвегия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптестерінің бірі. Тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде мемлекеттеріміз арасындағы сындарлы саяси диалог серпінді дамып, өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық өрісі айтарлықтай кеңейді.

Елдеріміз халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұқсас ұстанымда және БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықтаЕкі мемлекет халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де елеулі үлесін қосуда. Атап айтқанда, Корольдік Қазақстанда Атом энергиясы халықаралық агенттігінің қамқорлығымен Төмен байытылған уран халықаралық банкін құруды қолдаған мемлекеттер тобына қосылып, осы халықаралық бастаманың донорларының бірі болды.

Тараптар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында кешенді жұмыс атқаруда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 85 млн АҚШ долларын құраған тауар айналымын жақын келешекте еселеу жоспары тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда Норвегия капиталының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс істейді. Еліміздің экономикасына Корольдік тарапынан құйылған инвестициялар көлемі 164 млн доллар құрайды.

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға үлкен мән береді. 2002 жылы ЮНЕСКО мен Норвегия мәдени мұра директораты бірлесіп Таңбалы петроглифтерін меңгеру, сақтау және таныстыру жобасын іске асырған болатын. Нәтижесінде2004 жылы петроглифтер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Қазақстан мәдениетін әлемге паш ету жұмыстары аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихында алғаш рет Абайдың таңдаулы поэзиясы мен «Қара сөздері» норвег тіліне аударылып, шығарылды.

Елдеріміздің үкіметтері әлеуеті мол Қазақстан-Норвегия ынтымақтастығын одан әрі тереңдету және өзара тиімді әріптестіктің жаңа көкжиектерін игеру мақсатында бірлескен жұмыс аясын кеңейтуде.