«Бүгiн «Копай» ықшам ауданын дамытудың үлкен жобасы басталды. Мұны халық көптен күттi. Бұзу жұмыстары жүргiзiлуде, барлығы 117 ескi және тозығы жеткен үй сүрiледi. Бұл 117 отбасының баспана жағдайы айтарлықтай жақсарады деген сөз. Биыл мұнда 9 тоғыз қабатты тұрғын үйдiң құрылысы басталады. Барлығы 2,8 мың пәтерлiк 27 үй жобаланған. Жаңа ауданда қажеттi әлеуметтiк инфрақұрылым болады. Балабақша, мектеп және емхана саламыз», — деп жазды облыс әкiмi.
«Орталық» ықшам ауданында 924 пәтерлiк 10 көпқабатты үй салынбақ. Қазiрдiң өзiнде 3 жаңа үй тұрғызылды. 120 ескi жеке үй сүрiлдi. Мектеп ашылды, балабақша мен спорт кешенi салынады. Жеке компаниялар да үйлердi жобалауда. Шағын ауданда университетке арналған үш жатақхана пайда болады.
«Береке» шағын ауданында құрылыстың барлық кезеңiнде 30 көпқабатты үй немесе 2,7 мың пәтер салынды. Қазiр 7 көпқабатты үй бой көтеруде.
«Биыл шағын ауданда 120 пәтер көп балалы отбасыларға берiлсе, тағы 120 пәтер жетiм балаларға арналған», — деп жазды өңiр басшысы.
Жалпы облыста 50 нысанда құрылыс жүрiп жатыр, жыл соңына дейiн тағы 11 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, барлығы 61 болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 нысанға көп. 26 бюджеттiк және 24 коммерциялық үйдiң құрылысы жүргiзiлуде. Жыл соңына дейiн 11 үй пайдалануға берiледi. Осы жұмыстардың барлығы тұрғын үй құрылысына инвестицияны 3 есеге өсiруге мүмкiндiк бердi.