Ақтау қаласындағы жаңа шағын аудандардың тұрғындарына су қысымының төмендігінен ауыз су жетіспеушілігі орын алуда. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өндіретін 52,0 мың текше метр су жазда халықты толық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Бірақ аталған мәселе біртіндеп шешілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров мәлімдеді.

Брифингте тұрғындардан шағынаудандарда судың жиі болмай қалуы және қысымның төмен екені туралы сұрақтар келіп түсті.

Бекбол Орынбасаровтың айтуынша қаланы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС сумен қамтамасыз етеді.

- Ақтау қаласы мен іргелес елді мекендердің жалпы халық саны 205 мың адам ауыз сумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 52,0 мың текше метрді құрайды және бұл халықты толық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.
Әсіресе, 31, 32, 33, 36-40 шағынаудан аралығында байқалады. Бірақ бұл су көлемі азайды деген сөз емес. Жыл сайын жазғы кезеңде кәсіпорын су өндіру бойынша қуатының жетіспеуінен ауыз су кестеге сәйкес және қысымның төмендеуімен халыққа беріледі. Айта кетейік, зауыттан шыққан су тек қаладағы тұрғындарға ғана емес, өнеркәсіпке де жіберіледі. Коммуналдық қызметтер су қысымын шектеуге мәжбүр, бірақ бұл белгілі бір уақытқа ғана,-деді Бекбол Орынбасаров.

Спикердің мәліметінше, жақын арада «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС «Доу-9» деген қондырғыны қосады. «Каспий» су тұщыту зауыты да 5 мың текше метр өндіретін қосымша қондырғысын орнатады. Жақын арада су мәселе біртіндеп шешіле бастайды.

Маңғыстаудағы басты мәселенің бірі – су тапшылығының артуы. Өңірдегі су тұщыту зауыттарының қуаты жыл сайын халықтың тұтыну сұранысын қамти алмай отыр. Сондықтан тіршілік нәріне тапшылықты азайту мақсатында 9 жоба жүзеге асуда,-деп хабарлады облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте.

Спикердің мәліметінше, өңірде 2 зауыт су өндіреді. «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі тәулігіне 52 мың текше метр су тұщытып, Ақтау мен Түпқараған ауданының тұрғындарын қамтиды. Ал, «Каспий» су тұщыту кәсіпорны күніне өндіретін 20 мың текше метр сумен Мұнайлы және Қарақия ауданының сұранысын қанағаттандырады. Алайда, соңғы жылдардағы халықтың тұтыну деңгейі күрт артып, өңірге тағы осындай зауыттар керек екенін айқын көрсетті. Әсіресе, жазғы кезеңдегі тапшылық қазіргі кезде 51 мың текше метрді құрайды. Мамандар 2025 жылға қарай қажеттілік тәулігіне 250-260 мың текше метр болатынын айтып, алаңдауда.

Осыған дейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев су тапшылығына байланысты, тұрғындардан қажеттілікті азайтуды сұраған еді. Тіршілік нәрін үнемді пайдаланып, ысырап етпеуге шақырды. Ауыз суды көлік жууға, аула суаруға пайдаланбау керек екенін атап өтті.

Қазір өңірде суға тапшылықты азайту мақсатында жобалар жүзеге асып бастады. Соның бірі, «Каспий су тұщыту» зауытының қуатын 40 мың текше метрге көбейту туралы жоба Үкімет деңгейінде қаралып, іске аса бастады. Жалпы жоба құны 12,6 млрд.теңгені құрайды.

-Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 50%-ға аяқталды. Жылдың соңында аяқталады. Жоба іске асқан жағдайда Мұнайлы ауданының халқы (180 мың адам), Түпқараған ауданының Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдары (20 мың адам), Қарақия ауданының Құрық ауылы толығымен қамтылады деп күтілуде. Алдағы уақытта зауыт қуатын 100 мың м3 дейін жеткізу жоспарланып отыр, - деді Бекбол Орынбасаров.

2019 – 2022 жылдары осы жобаға республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 7,55 млрд.теңгесі су тұшыту қондырғыларын сатып алуға, 4,49 млрд. теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталған.

Брифинг барысында Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев басқа да жобаларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, Ақтау қаласында да жазғы уақытта су тапшылығы сезіледі. Осы мақсатта Ақтау қаласында тәулігіне 20 000 текше метр су тұщыту зауытын салу жобасы басталады. (Алғашқы фаза тәулігіне 5 мың текше метр су береді) Мемлекеттік сараптамаға құжат енді жолданады. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2023 жылдар. Жобаның құны шамамен 4,0 млрд. теңгені құрайды. Бұдан бөлек, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағындағы қосымша қуаты тәулігіне 24,0 мың текше метрлік су тұщыту қондырғысы салынбақ. 2021 жылы жергілікті бюджеттен ЖСҚ әзірлеуге 10 млн. теңге бөлінді. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2024 жылдар. Жобаның құны шамамен 18,9 млрд. теңгені құрайды. Осылайша, қала халқын 100 % қамту жоспарланып отыр.

- Жаңаөзен қаласы мен іргелес елді мекендердің тұрғындарын (156 мың адам) сумен қамту мақсатында Кендірлі ауылында да қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауыты салынбақ. Техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 87,8 млрд. теңге. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2024 жылдар «ҚазМұнайГаз» АҚ жасайды,-деді Бердібек Қартбаев.

Форт-Шевченко қаласы мен Ақшұқыр және С.Шапағатов елді-мекендерінің тұрғындарын (20 мың адам) қамту мақсатында Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр су тұщыту қондырғысын құрылысын салу жоспарланды. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Келесі жылы құрылысы аяқталады. Қаражат 7 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, Ақшұқыр және С.Шапағатов елді-мекендерінде қуаты тәулігіне 10 мың текше метр су тұщыту қондырғысын орнату жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама жасау жоспарлануда. 2024 жылы құрылыс аяқталады. Жобаның құны 10 млрд. теңге.

-Бейнеу ауданы Бейнеу, Есет, Төлеп, Боранқұл ауылының, Жаңаөзен қаласы, Қарақия ауданы Жетібай, Мұнайшы, Маңғыстау ауданы Сай-өтес ауылдарының тұрғындарын (250 мың адам) сумен қамтамасыз ету мақсатында Боранқұл ауылында тәулігіне 80 мың текше метр су тұщытатын зауыт және су тартқыш салу жоспарланып отыр. Оған Төңірекшің кен орнының жер асты суы пайдаланылады. ЖСҚ әзірлеу жоспарлануда. Іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар. Жобаның құны шамамен 90,0 млрд. теңге,-деді Бердібек Қартбаев.

«Қазмұнайгаз» АҚ «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17,0 мың текше метр өндіретін су тұшыту зауытының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыстың 74 % аяқталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 2022 жылдың шілденің басында аяқталады. Нәтижесінде облыс тұрғындарына «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырынан тәулігіне 17,0 мың текше метр ауыз су жеткізіледі деп күтілуде.

Аталған жобаларды іске асыру арқылы өңірдегі ауыз су тапшылығын жою мүмкіндігі туады.