Оның айтуынша, 2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіп, Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы бойынша 5 жылдық жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес 2020-2021 жылдары жергілікті бюджеттен бұрын-соңды болмаған жем-шөпті субсидиялау үшін 12,7 млрд теңге бөлінді және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды субсидиялауға 7,2 млрд теңге қаражат қарастырылды. Яғни, техника алуға республикалық бюджеттен берілетін 25%-тік субсидияға қосымша жергілікті бюджеттен 10% қосымша бөлініп отыр. 


«Ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы қарқынды жүруде. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,9% құраса, былтыр 5,9% жуықтады. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес аталған бағыт бойынша облыстар арасында алдыңғы қатардамыз. Соңдай-ақ, соңғы 2 жыл ішінде 700 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, жылқы басы 38% өсті, ірі қара мал басы – 20%, ұсақ мал басы– 7,1%, құстар саны – 4,5% ұлғайды. Осындай қарқынмен мал басының артуына байланысты жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджет есебінен 25 мың гектар көлтабанды және 10,6 мың гектар үнемі суармалы жерлер қалпына келтірілуде. Жалпы, жоспарға сәйкес алдағы 3 жылда қолданыстағы суармалы жерлердің алқабын 100 мың гектарға дейін жеткіземіз. Қабылданған шаралар есебінен облысымыз 32 негізгі азық-түліктің 24-імен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Оның ішінде ұн, нан өнімдері, сүт, ет өнімдері, жұмыртқа және көкөніс түрлері бар», - деді облыс басшысы. 


Алдағы 3 жылда өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін агроөнеркәсіптік кешенде 315 млрд теңгеден астам қаражатқа 75 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде келешекте бағаны тұрақтандыруға толықтай мүмкіндік болады.