Бұл туралы Орталық комммуникациялар қызметі алаңында ҚР ДСМ «Трансфузиология ғылыми - өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дулат Имашпаев айтып берді.


Ол 18 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы біреудің өмірін бір тамшы қанмен құтқаруға көмектесе алатынын атап өтті. Донордың ауыр созылмалы аурулары болмауы керек, салмағы кемінде 50 кг болуы тиіс. 


«Донордың денсаулығын қан тапсыру алдында қан орталығының дәрігері қосымша тексереді, сондай-ақ донордың қанына зертханалық тестілеу жүргізіледі. Республика бойынша қан орталықтарында дайындау және өңдеу тәсілдеріне байланысты қан компоненттерінің 90 түрі дайындалады.Донорлық қанды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу шығарылатын өнімнің жоғары қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Донорлар үнемі келіп тұруы үшін, халықты қан донорлығы туралы барлық қолжетімді және ықтимал тәсілдермен хабардар етеміз. Ол үшін ақпарат берудің әртүрлі жолдары қолданылады. Мысалы, елорданың орталық көшелерінде мотоцикл жарысы өтеді, онда донорлық символикасы бейнеленген жалауша, донорлыққа қатысты аудииоақпарат ұсынылады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада билбордтар мен аялдама павильондарында қан донорлығының көрнекі жарнамасы орнатылды», - деді спикер.


Айта кетейік, донорлар туралы тек 14 маусым ғана айтылмайды. Мысалы, былтыр желтоқсанда «BloodDonation» платформасы іске қосылды. Мақсаты -  барынша көп адамды қамту, оларды ерікті донор болуға ынталандыруға көмектесу. Сондай-ақ платформада донорлар үшін жақын маңдағы қан тапсыру орталықтары жайлы ақпарат ұсынылған. Бүгінгі таңда әлемде жақын жердегі донорлық пункттерден хабарлама алып отыруға  100 миллионнан астам Facebook қолданушысы келіскен.