Еліміздің атынан бұл ДСҰ-ның негізгі халықаралық іс-шарасына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов төрағалық етеді. Қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарады.

Қазақстанның МК12 төрағасы болып сайлануы Қазақстанның халықаралық саудадағы маңызды және беделді ойыншысы және ДСҰ-ның алаңында маңызды келіссөздердің негізгі қатысушысы ретінде танылуының дәлелі болып табылады.

2018 жылы ДСҰ-ның 164 мүшесі 2020 жылдың жазында Қазақстанның ел ордасы – Нұр-Сұлтанда 12-ші Министрлік конференцияны өткізуді бірауыздан қолдады. Бұл деңгейдегі іс-шара жақында ұйымға қосылған елде және Орталық Азия елінде ДСҰ тарихында алғаш рет өткізілуі керек еді. Алайда, COVID-19 пандемиясына байланысты іс-шара екі рет кейінге қалдырылды және оны ДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде өткізу туралы шешім қабылданды.

Конференцияға қатысушылар COVID-19 пандемиясына жауап беру, ауыл шаруашылығы және әлемдік азық-түлік дағдарысын шешу, балық аулауға субсидиялар, ДСҰ-ны реформалау, электрондық сауданы одан әрі дамыту және басқа да әлемдік сауда үшін бірқатар маңызды мәселелерді қарастырады.

Бұл іс-шара әлемдік сауда саясатындағы маңызды оқиға болып табылады және таяудағы бірнеше жылға бүкіл әлемнің сауда жүйесінің дамуын айқындайды.