«5 маусымда елімізде референдум өткізіліп, мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Түркістан облысының дауыс беруге құқылы тұрғындарының 80% астамы референдумға қатысты. Жалпы, облыс құрылғалы бері 4 жыл болды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 450 млрд теңгеден 707 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімі 540 млрд теңгеден 906,5 млрд теңгені құрады. Ол кездері облыста, шымкентті қосқанда 480 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, қазір облыста 824 мың шаршы метр тұрғын үй жыл сайын пайдалануға беріледі. Облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артты. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы 5 айда оң нәтижелер сақталды», – деп атап өтті Ө.Шөкеев. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 316,7 млрд теңгені құрады. Өткен жылға қарағанда өсім мол. Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд теңгені құрайтын, 44 жоба іске қосылып, 2368 жұмыс орны ашылды.