Осы демалыс күндері маусымның ресми ашылуы болады. Жалпы, жаз мезгілінде қолөнер жәрмеңкесі, лингвистикалық лагерь, гастро-тур сияқты 11 мәдени-демалыс іс-шарасы жоспарланған. Баянауыл ұлттық саябағының қызметкерлері 13 бағыт бойынша экскурсия жүргізуге дайын.

Қазір курорттық аймақта бір мезгілде 4600 адамды қабылдай алатын 46 демалыс үйі бар. Аудан әкімдігі шекараның ашылуына байланысты Ресейден келетін қонақтардың легі де артады деп есептейді.

Бірақ мұндай жүктеме қалдықтарды жою мәселесін ушықтырады. Өйткені, Жасыбай мен Торайғыр көлдеріндегі демалыс үйлерінің барлығы септиктерді пайдаланып, қалдықтарды сол жерден Баянауыл аудан орталығына апарады. Аудан әкімі Серік Батырғожиновтың айтуынша, ауылдағы кәріз жүйесі шектеу деңгейінде жұмыс істеп тұр, сондықтан демалыс аймағына жеке желілер тарту қажет.