Осылайша, Денсаулық сақтау саласының 44 қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 маусымдағы №932 Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға қосқан зор үлесі және азаматтардың денсаулығын сақтау жөніндегі қажырлы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

21 адам "Құрмет" орденімен; 14 адам "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды; 9 қызметкер "Шапағат" медаліне ие болды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният салтанатты жиналыста сөз сөйлеп, денсаулық сақтауды қорғау - әлеуметтік даму саласындағы саясаттың басым бағыты, ал медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі Денсаулық сақтау жүйесін нығайту мен дамытудың кепілі болып табылатынын атап өтті.

"Медицина - бұл ерекше жан-дүниені сезіне білу қасиетін, жоғары кәсіби біліктілікті, білім мен тәжірибені қажет ететін сала. Дәрігерлер әрдайым адамгершілігімен, жанқиярлығымен және өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленеді. Медицина адам туғаннан бастап өмірінің соңына дейін араша түсетін жалғыз мамандық. Адамның өмір сүруіне үміт беретін және жанынан бірінші болып табылатын, ол - дәрігер. Біздің барлық медицина қызметкерлерімізге олардың қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға қосқан баға жетпес үлесі үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Ерекше алғыс сөздерін сала ардагерлеріне арнаймын. Сіздердің тәжірибелеріңіз дәстүрді сақтауға көмектесіп, мамандардың жаңа буынына үлгі болары сөзсіз. Құрметті әріптестер, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, сіздерге және отбасыларыңызға бақыт, денсаулық, табыс, бейбітшілік пен амандық тілеймін", - деді А.Ғиният.

Жалпы, Қазақстан бойынша осы жылы денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі және "Медицина қызметкерлері күні" кәсіби мерекесіне орай еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін 253 адам "Еңбек ардагері" медалімен; 565 - "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісімен; 569 медицина қызметкері "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі және мінсіз адал еңбегі үшін 574 медицина қызметкері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды; 428 медицина қызметкеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғысына ие болды.

Айта кетер жайт, бүгінде Қазақстанда 260 мыңға жуық медицина маманы, оның ішінде 78 мыңнан астам дәрігер мен 189 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Қазақстанда күн сайын 2 мыңнан астам операция жасалады, тәулігіне 600-ден астам босану қабылданады, 7 мыңнан астам сау пациент стационардан шығарылады, емханаларда 420 мыңнан астам адамға және жедел жәрдемнің 19 мың шақыруына қызмет көрсетіледі.