Жаңа Қазақстаның ертеңі қуатты да іскер жастарға, олардың патриоттық рухтарына байланысты. Бұл тұрғыда қазірдің өзінде 240 мың мүшесі бар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысына жастарды барынша тарту ерекше сипатқа ие болып отыр.

Жиын бағдарламасында әскери-қолданбалы және әскери-спорттық жарыстардан тұратын 11 сайыс бар. Жас патриоттар «Айбын дарыны» ойыны барысында өздерінің зияткерлік қабілеттерін көрсетеді. «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауында және «Жас Сарбаз – жас тілшілер» журналистік байқауында таланттарын паш етеді.

Арқан тарту және әскерилендірілген эстафета барысында қатысушылардың дене дайындығының деңгейі, күші, төзімділігі мен жылдамдығы бағаланатын болады.

Пневматикалық винтовкадан оқ ату, автоматты бөлшектеп-жинау, газ тұмылдырығы және жалпыәскери қорғаныс жиынтықтарын кию кезінде жас патриоттардан нақты, дәл әрі анық орындалған әрекеттер талап етіледі.

«Smart Sarbaz» өнертапқыштарының сайысы барысында жас бағдарламашылар қазылар алқасына өздерінің IT-әзірлемелері мен техникалық шешімдерін ұсынады.

Ақтық сында «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны өтеді. Онда болашақ Отан қорғаушылар әскери қызметпен байланысты практикалық міндеттерді орындайды, командада жұмыс істеу тәжірибесін меңгереді, өздерінің моральдық және күш-қуат тұрақтылығын тексереді.

«Айбын» республикалық жиыны жыл сайын кең ауқымда таралып келеді. Оған жиынға қатысу үшін ұйымдастыру комитетіне командалық өтінімдерден бөлек жеке өтініштердің де келіп жатқаны дәлел болып отыр. Бұл сайыскерлер онлайн режимде өнер көрсететін болады. Ал жиынға қатысушылардың негізгі бөлігі полигонда бақ таластырмақ.

Бір аптаға жалғасатын «Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны 24 маусымда аяқталады.