МК-12 Төрағасы қызметін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Т.М. Сүлейменов атқарды. Шешім қабылдайтын және әлемдік сауданың даму векторын айқындайтын ДСҰ жоғары органының отырысы 5 күнге (және түнге) созылды. Ұйымға мүше 164 елдің қарқынды келіссөздері өз жемісін берді. Елдер әлемдік сауда үшін маңызды мәселелердің бұрын-соңды болмаған саны бойынша консенсусқа қол жеткізді.

Атап айтқанда, елдер ДСҰ-ны реформалау процесін бастауға,
ДСҰ-ның COVID-19 пандемиясына ден қою шаралары және болашақ пандемияға дайындығы туралы министрлік декларациясын, ДСҰ-ның зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімі бойынша министрлік шешімін (ТРИПС), Азық-түлік қауіпсіздігіне жедел ден қою шаралары туралы министрлік декларациясын, Азық-түлік сатып алуды Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен экспорттық тыйымдар мен шектеулерден босату туралы министрлік шешімін, Электрондық сауда жөніндегі жұмыс бағдарламасын,
сондай-ақ ДСҰ-ның балық аулауға арналған субсидиялар туралы жаңа келісімін қабылдады.
 Соңғы бойынша келіссөздер 20 жылдан астам уақытқа созылды.

Министрлік конференциясы 15 маусымда аяқталуы керек еді, бірақ Министрлер конференцияны бір күнге ұзартуға келіскендерін айта кету керек.

ДСҰ-ға мүше елдер Қазақстанды 2018 жылдың күзінде ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының төрағалық етуші және қабылдаушы тарап ретінде бірауыздан сайлағанын еске саламыз. Конференция Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың маусым айында өткізілуі тиіс еді. Алайда, covid-19 пандемиясына байланысты елдер МК-12-ді кейінгі мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдады.