Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде осы қылмыстардың ұйымдастырушы ретінде 27 адам анықталды. Олардың қатарында Алматы әуежайына шабуыл жасап, «Көктөбе» телемұнарасын басып алуға әрекет жасаған тұлғалар да бар. 


«Бүгінге қылмыстық ортадағы тұлғалардың белсене қатысқаны шынайы белгілі. Қылмыстық ортада кеңінен танымал «дикий Арман» лақап атты Джумагелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына қатысушылардың бірімен Алматы  қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйіне келген қылмыскерлерге «Glock» және «Макаров» маркалы тапаншалары таратылды. Осы уақытта қаруланған қылмыскерлер ұйымдастырушы мен оның қарамағындағы адамдардан тиісті нұсқаулар алды. Олар серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, жоспарланған қылмыстарындағы рөлдерін анықтады. Іштерінен «басшылары» тағайындалып, оларға бронежилеттер, бастарына арналған қорғаныс құралдары, атыс қаруы және 200 мың теңге ақша қаражаты берілді. Қатардағы серіктестеріне суық қаруларымен, дубинка және денеге зиян келтіруге болатын басқа заттармен қарулану тапсырылды. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушылардың сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан. Аталған қарулы қылмыскерлер топтары қаланың әртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде ұстаған. Кейіннен, жәбірленушілер қала шетіне жеткізіліп, қылмыскерлердің қарулы күзеті қойыла отырып, металл контейнерге орналастырылды. Дене жарақатын келтіру нәтижесінде жәбірленушілердің бірі қайтыс болды. Көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін 40 күдікті тұлға қамауға алынды», - деді спикер.


Қалған қылмыстық топ қатысушыларын анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.