Қазақстан Елшісі Ғабит Қойшыбаев өз баяндамасында іс-шараға қатысушыларды ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның қорытындысымен таныстырып, республикамызда жүргізіліп жатқан реформалардың мазмұны мен мақсатын толық айтып берді. Атап айтқанда, ол Қазақстанның суперпрезиденттік басқарудан президенттік үлгіге өту, парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейту, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу мен өкіметті орталықсыздандыру, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау тетіктерін жетілдіру бағыттарына бет бұруының себептерін түсіндірді.

Дөңгелек үстелде болған пікір алмасу барысында моңғол сарапшылары саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді жетілдіру бойынша  Қазақстанда қабылданып жатқан шараларға жоғары баға беріп, Қазақстанның басшылығы қоғамды одан әрі демократизациялау бойынша қолға алған жаңа саяси бағдарының кейбір бағыттары мен элементтеріне, оның ішінде конституциялық сот институтының жаңғыртылуына, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі күшейтілуіне, мемлекет басшысының мәртебесіне қатысты өзгерістерге және т.б. қызығушылық танытты.

Іс-шара барысында сауда, көлік-транзиттік салалардағы қазақ-моңғол екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, постпандемиялық кезеңде екі мемлекет арасындағы ғылыми, мәдени-білім саласындағы және басқа да алмасуларды одан әрі нығайту мәселелері де талқыланды.

Іс-шараның қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанда болып жатқан өзгерістер жөнінде дөңгелек үстелдер, брифингтер және т.б. сондай сияқты форматтарда кездесулер өткізу арқылы моңғол сарапшылар топтары мен қоғамын тұрақты түрде ақпараттандырудың маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісті.