Мемлекет басшысы сапары барысында маңызды шешім қабылданғанына тоқталды.

– Біз Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат береміз. Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат көрсетіп, шақыруын қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

– Біз алғаш рет Душанбе саммитінде кездескен едік. Сізбен екінші рет Тегеранда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің Президент ретінде келген бұл сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына тың серпін беретін ұлы бетбұрыс боларына сенімдімін, – деді Иран Президенті.