Алдымен Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамаларына қысқаша тоқталған облыс басшысы экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттыру мақсатында қабылданатын шаралар жайлы баяндады.  Оның айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,8 %,  сауда – 3 %, құрылыс – 14,3 % ұлғайған. Облыс экономикасына 220 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 42,4 пайызға өсіп, 202,8 млрд. теңгені құрады.

- Алматы облысы экономикасының дамуына Іле ауданы үлкен үлес қосуда, облыстың өнеркәсіп өнімі көлемінің 35 пайызын осы аудан шығарады. Ауданда 309 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 245-і – өңдеу өнеркәсібінде. 5 айда 241,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 19,2 пайызды құрады, - деп атап өтті М.Сұлтанғазиев.  

Мәселен, «Филип Моррис Казахстан», «Джей Ти Ай», «Raimbek-Agro», «Galans Bottlers», «Первый пивзавод», «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия»  сияқты алты жүйе құраушы кәсіпорын Іле ауданының өнеркәсіп өндірісі көлемінің жартысынан астамын шығарады (54%) және жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің 42 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Іле ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 71,5 мың гектарды құрайды. Сол сияқты жалпы алаңы 6,9 гектар болатын 36 жылыжай бар, өндіріс қуаттылығы жылына 190 тонна, алайда 25 жылыжай жұмыс істемей тұр. Суармалы жерлерді ирригациялық желілермен қамтамасыз ету үшін биыл «Самбет» 1,8 мың гектар және «Свиносовхозный» 484 гектар магистралдық арналарын қалпына келтіру үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда 60,7 мың бас ірі қара мал бар. Соған сәйкес бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт фермаларын көбейту керек.  Облыстағы 11 құс фабрикасының төртеуі осы ауданда. Өңірдің құс етін мен жұмыртқа өндірісіндегі ауданның үлесі қомақты.

Облыс әкімінің айтуынша, 2026 жылға дейін Алматы өңірінде жалпы құны 1 трлн. теңге болатын 134 инвестициялық жобалар пулы құрылды. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 9 мыңға жуық жұмыс орыны құрылатын болады. Инвестиция тарту бойынша аудан 17 пайыз үлесімен облыста 2-ші орында. Сол сияқты ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы көңіл бөлінген. 2021 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 213 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Бұл жұмыс одан әрі де жалғасуы тиіс.

Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде жайылымдық жердің жетіспеушілігі, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, білім мен денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызы зор мәселелерге тоқталды. 

Атап өту керек, ауданда тұрғын үй кезегінде бүгінгі күні 5412 адам тұр. 2021 жылы Өтеген бастыр кентінде 618 млн.теңгеге бір 60 пәтерлі несиелік үй салынды. Биыл ауданында 161,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.  Сол сияқты мегаполиске жақын орналасқан ауданда үш ауысымды мектептердің мәселесі де өзекті. Бүгінгі таңда облыста осындай 54 мектеп болса, оның 20-сы Іле ауданында, 3384 оқушы орнына тапшылық бар. Осы мәселені шешу мақсатында 2021 жылдан бастап 5100 оқушы орнына арналған 4 мектептің құрылысы Боралдай, Жаңаталап, Көкқайнар, Междуреченск ауылдарында жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны - 16 млрд. теңге, үстіміздегі жылы 12 млрд. теңге бөлінді. Биыл Жанаталап ауылындағы мектеп қолданысқа беріледі, басқа мектептердің құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Жалпы ауданда шешімін күткен мәселелер баршылық. Соған сәйкес Марат Сұлтанғазиев ауданның әлеуетін ескере отырып, тиісті сала басшылры мен аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар берді. Соның ішінде жаңа қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту жұмыстарын тұрақты жүргізу керектігін айтты. Сыртқы нарықтарға бағдарлана отырып, сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін жаңа технологияларды белсенді енгізу керек.

- Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды ұтымды пайдалану жұмысын жандандыру керек. Жердің нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге жол берілмесін. Қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтай отырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерін беру және жер деректерін цифрлау бойынша қажетті шаралар қабылдаңыздар. Халықты орталықтандырылған сумен, су бұру жүйесімен және және газбен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырамын, - деді М.Сұлтанғазиев сөзінің қорытындысында. Сондай-ақ ана мен бала өлімін болдырмау, білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң бақылауға алу тиісті лауазымды тұлғаларға жүктеді.

Баяндамадан кейін Іле ауданының тұрғындары облыс басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мәселен, Өтеген батыр кентінің тұрғыны Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратына күрделі жөндеу қажет деген мәселе көтерді. Мәселенің анық-қанығын нақтылаған облыс басшысы ғимараттың ХҚКО-ға лайықталмағанын ескеріп,  жергілікті аудан әкімдігі мен құрылыс басқармасына жаңа ғимарат салуға қажетті құжаттар дайындауды тапсырды.   

«Батыр» саяжайы тұрғындары саяжайға елді мекен статусын беру мәселесін аяқсыз қалдырмауды сұрады. Ащыбұлақтықтар аталған ауылдық округтің 25 мыңдай халқы қалаға қатынайтын қоғамдық көлік байланысының болмауынан қиындық көріп отырғанын да жеткізді. Балабақшаларға берілетін мемлекеттік тапсырыстар, аудан көлемінде жүретін қоғамдық көлікке «Оңай» сияқты электронды төлем жүйесін енгізу, жаңа заман талабына сай келмейтін елді мекен, көше атауларын ауыстыру және басқа да мәселелер көтерілді.