Оның мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 455 млн теңгеге айыппұл салынды, 6,1 мың заңбұзушылық анықталды. 2022 жылдың алты айында 137 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұлдар салынды, 1,8 мың заңбұзушылық фактісі тіркелді. 

«Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Комитет экспорттаушы елдерге өнімді жеткізу кезінде бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарына сай келмегені туралы 165 нотификация жіберді. Оның ішінде 37 нотификация карантиндік объектілердің анықталуына байланысты. Мысалы, Литвадан төрт факті тіркеліп, импортталған гүлден карантиндік зиянкес батыс гүлдер трипсі анықталып, 35 мың дана хризантема және роза гүлдеріне тиісті нұсқама беріліп, тәркіленіп жойылды. Сонымен катар Нидерланд елінен әкелінген 40 кг сәбіз тұқымында карантиндік ауру зебра чип анықталып, жүк толық жойылған», - деді АШМ өкілі. 


Сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті фитосанитариялық талаптарды импорттаушы елдермен келісу бойынша жұмыстар атқаруда. 6 айдың ішінде Қытайға экспорт құқығы бар кәсіпорындар тізілімінде қазақстандық кәсіпорындардың саны 955 жетті. Фитосанитариялық талаптар бойынша 11 хаттамаға қол қойылды. 


Спикер аса қауіпті және зиянды организмдердің ошақтарын оқшаулау және жою бойынша уақытылы қабылданған шаралар еліміздің фитосанитариялық жағдайына қолайлы әсер еткенін және республиканың экспортын сақтауға мүмкіндік бергенін атап өтті.