Сонымен қатар, мемлекеттік спорттық, шығармашылық және қосымша білім алу тапсырыстарының аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне бір ғана өтініш беру қағидасы енгізіледі.


«Қазір бір бала мектептегі секцияға, «артспорт» бойынша секцияға және шығармашылық үйірмеге баруы мүмкін. Көпшілікті қамту мақсатында біз тек бір секцияны ғана ұсынамыз. Сондай-ақ спорт түрлерінің саны 71 ден 30-ға дейін, шығармашылық үйірмелер 59-дан 30-ға дейін қысқарады. Қайталанатын спорт түрлері топтастырылды. Мысалы, қазір онда үстел теннисі, көзі нашар көретін балаларға арналған үстел теннисі, тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған үстел теннисі және бейімделген теннис түрлері бар. Бұл секциялардың барлығы өз жұмысын жалғастыра береді, тек бір ортақ атауға біріктіріледі. Жеңіл атлетикадағы жағдай да осыған ұқсас. Бірақ біз толық алып тастайтын спорт түрлері де бар», - деді министр.


Бұдан  бөлек, спорт түріне байланысты балалардың жаттығуға жіберілетін ең төменгі жасы бекітіледі. Бұл жерде қолданыстағы нормативтік-құқықтық база негізге алынады. Мысалы, көркем гимнастикаға 5 жастан, ал боксқа 12 жастан бастап баруға болады. Мұндағы басты мақсат – балалардың денсаулығын қорғау.


Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін ғимараттарға қойылатын талаптарды жетілдіру қарастырылған, оның ішінде, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы; өрт қауіпсіздігіне сәйкестігі; видеоархивті 30 күн бойы сақтау мүмкіндігі бар видеобақылау камералармен жабдықталуы; спорттық және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілуі.