«Жуырда ғана Ақкөл, А.Байтұрсынов ауылдары мобильдік интернет желісіне қосылды. Бұл – мерейтойға әзірлік барысында жергілікті халықтың сұраған негізгі өтініштерінің бірі болатын. Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша А.Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар А.Байтұрсынұлы ауылына жаңадан медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулатория жөндеуден өткізіледі. Жоспар аясында Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейіне» жөндеу және реэкспозиция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарытүбек қонысындағы  «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» салу жұмыстары да қатаң бақылауға алынды. Қазіргі таңда жаңа нысанның жобалық сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізілді. Конкурстық рәсім нәтижесі бойынша жауапты мердігер табылса, үйдің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтау көзделген», - деді спикер. 


Бүгінгі күні Торғай ауылында Ахмет мен Міржақып бабаларымыздың құрметіне жаңа ескерткіш орнату мәселесі қолға алынды. Бұдан бөлек мәдени, ғылыми, танымдық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Спектакльдер қойылып, ғылыми экспедиция өз жұмысын бастады. Негізгі мерейтойлық шаралар 3-5 қыркүйек аралығында жоспарланған.