Мәселен, өткен жылы Банк 19 жаңа жоба бойынша келісімдерге қол қойды. Бұл ретте ағымдағы инвестициялық портфельде интеграциялық әсері бар жобалардың үлесі 59,6%-ды құрады. ЕАДБ-ның 2021 жылғы таза пайдасы – $37,1 млн, бұл жоспардан 2,1 есе артық.

2022 жылдың басында әлемдегі, сондай-ақ жергілікті қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылық жағдайында ЕАДБ тұрақты қаржылық жағдайды және 2022-2026 жылдарға арналған стратегияның міндеттерін іске асыру мүмкіндіктерін сақтап қалғаны атап өтілді.

ЕАДБ жобалар бойынша жаңадан қол қою жоспарын орындауға ниетті. Әзірленген 5 жылдық елдік стратегиялар аясында Қазақстанда, Арменияда, Тәжікстанда және Қырғызстанда жобаларды дамытуға ерекше назар аударылмақ.

«Банк қызметі қазіргі жағдайларға сай нақтыланып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін еуразиялық өңір елдеріне көмек көрсетуге бағытталуы тиіс», — деді Кеңес төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Тексеру комиссиясының және Банктің Ішкі аудит қызметінің есептерін, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелерді қарады.

Кеңес отырысы қарсаңында ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов Әлихан Смайыловқа еуразиялық кеңістіктегі негізгі инвестициялық мегажобалар бойынша жасалған жұмыстарды таныстырды.

Анықтама: 

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) – еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. ЕАДБ 15 жылдан астам уақыт бойы экономикалық байланыстарды нығайтып, кеңейтуге және қатысушы елдердің жан-жақты дамуына ықпал етіп келеді. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы – $7 млрд. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлес көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобаларға тиесілі. Банк өз жұмысында БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.