«Атап айтқанда: Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су дайындау  құрылғысы іске қосылады. Нәтижесінде «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз суды өңірде қалдыруға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ Ақтау қаласындағы су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізу бойынша шаралар қолға алынды. Осы жазғы маусымда су тұщыту қондырғысының 5 мың текше метрі қолданысқа беріледі. Қалған  14 мыңы жыл соңына дейін іске қосылады. Бұған қоса, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясы аумағында өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метр, Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен тәулігіне 20 мың текше метр және Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр су қондырғыларын салу жұмыстары басталады», - деді спикер.


Оның айтуынша, Ақтау қаласының ауыз су, кәріз және жылу желілері тозығы жеткен. Аталған желілердің 75%-ға тозығы жеткендіктен, жылына мыңнан астам апат болады. Кезек күттірмейтін мәселені шешу мақсатында 2025 жылға дейін 918 шақырым инженерлік желілерге жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осы жылы 2 шағын ауданда тиісті жұмыстар басталады. Сондай-ақ 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау қажет. Қазіргі таңда 2 ауылда, яғни Бекі және Басқұдық ауылдарына жыл соңына дейін су тартылады.