Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко көрме материалдары еліміздің соңғы 30 жылда халықаралық қатынастар жүйесінде өткен үлкен жолын және тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен нығаюына отандық дипломаттардың қосқан және әлі де қосып келе жатқан қомақты үлесін көрсететінін атап өтті.

«30 жыл ішінде Қазақстан әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Шетелде қазір 67 қазақстандық елшілік, 18 бас консулдық, 1 дипломатиялық миссия, 11 консулдық және халықаралық ұйымдар жанындағы 5 тұрақты өкілдік жұмыс істейді. Біз қазақстандық дипломатияның басты жетістігі деп барлық көршілерімізбен және халықаралық қоғамдастықтағы басқа серіктестерімізбен бейбіт, достық және тең құқылы қарым-қатынастарды орнату мен сақтауды санаймыз», – деп атап өтті Р. Василенко.

Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері де қатысты. Олардың атынан дипломатиялық корпус дуайенінің орынбасары, Палестина Мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Монтасер Абу Зейд сөз алды. Ол қазақстандық әріптестерін алдағы мерекемен құттықтап, еліміздің халықаралық саясаттағы бөлек орнын, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі кезеңіндегі сындарлы рөлін ерекше атап өтті.

ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина экспозицияда көрермендер назарына заңнамалық актілер, ресми хаттар мен Қазақстанның сыртқы саясаты тарихындағы маңызды оқиғалардың фотосуреттері ұсынылғанын атап өтті. Көрменің мақсаты – отандық дипломатия қызметінің қалыптасуы мен нығаюының негізгі кезеңдерін ашып көрсету.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов сыртқы саяси ведомствоның ірі халықаралық іс-шараларды өткізу орны ретінде астанамыздың мәртебесін қалыптастыру мен қолдаудағы маңызды рөлін, олардың Қазақстанның әлемнің барлық елдерімен достық қатынастарын нығайтуға қосып келе жатқан зор үлесін атап өтті. Елорданың орталығында ашылған таза ауадағы көрме оның тұрғындары мен көптеген қонақтарына шынымен қызықты болатынына және дипломаттардың мемлекетіміздің қарқынды бейбіт дамуына қосқан үлесі туралы хабардарлығын көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.