Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мұхтар Тілеуберді жиынға қатысушыларға Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

Министр әріптестеріне арнаған сөзінде Қазақстанда егемендік алған күннен бастап сыртқы саясаттың дербес бағыты қалыптаса бастап, тәуелсіз мемлекеттің дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздері қаланғанын еске салды. Олардың ішінде бүгінгі мерекеге себепші болған «Сыртқы істер министрлігі туралы» Жарғыны бекіткен ҚР Президентінің 1992 жылғы 2 шілдеде қол қойған Жарлығы ерекше орын алады.

«Қазақстан осы жылдар ішінде елімізбен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі барлық мемлекеттер және ұйымдармен достық және сындарлы қарым-қатынастар орнатты. Дипломаттарымыз Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттерді мүлтіксіз орындап, Жаңа Қазақстанның сыртқы саясатының алдында тұрған тың мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға қол жеткізе отырып, еліміздің халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайта түсетініне сенімдімін», – деді министр.

М. Тілеуберді қазіргі жағдайда отандық дипломатияның күш-жігері Президент Қ. Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформаларын қолдауға бағытталатынын атап өтті.

 

Министр мерейтой күнімен құттықтай отырып, ҚР СІМ-нің мемлекетіміздің дипломатиялық қызметінің жұмысына белсенді атсалысқандары үшін адал еңбегімен ерекше көзге түскен қызметкерлері мен ардагерлеріне мемлекеттік наградалар, ҚР Президентінің құрмет грамоталары мен алғыстарын, сондай-ақ ведомстволық және мерейтойлық медальдарын табыс етті.