Жол қауіпсіздігі мәселесі – қазіргі уақытта ең маңызды және өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Көлік құралдарының саны артып, олардың жылдамдық сипаттамалары жаңарып, жолдардағы қозғалыс қарқындылығы өсіп келеді. Жыл сайын елімізде жол жүрісі қағидаларын бұзу салдарынан ЖКО-да екі мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңға жуық азамат жарақат алады.

Кездесуге қатысушылар осы мәселені шешу жолдарын талқылап, “Сергек” камераларының тиімділігін мұқият зерделеді.

– “Сергек” көптеген бұзушылықтарды тіркейді, сыбайлас жемқорлықты азайтады. Мысалы, Шымкентте өткен кезеңмен салыстырғанда “Сергекті” орнатудың арқасында жол жүрісі қағидаларын бұзу фактілері жиі анықталатын болды. Ішкі істер органдары мен “Сергек” компаниясының ынтымақтастығы қоғам игілігі үшін, – деді Марат Ахметжанов.

Министр атап өткендей, еліміздің үшінші мегаполисінде “Сергек” камераларының арқасында жолдардағы өлім-жітім екі есеге азайды.

“Сергек” жүйесінің келесідей ерекшеліктері бар: жылдамдықты оптикалық анықтау, машиналарды іздеу, тәуліктік бейнебақылау, бейнежазбаларды сақтау және талдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, басқа камералармен және мемлекеттік жүйелермен байланыс. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында және “Сергек” камераларының көмегімен жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім мен қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі айтарлықтай азайды.

“Sergek Development” директоры Қайрат Ахметовтың айтуынша, бұл жүйе Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Түркістан, Тараз, Семей және Өскемен қалаларында іске қосылған және алдағы уақытта ел бойынша бейнетіркеу камераларының санын арттыру жоспарлануда.

Айта кету керек, “Сергекпен” анықталған бұзушылықтар үшін салынған барлық айыппұлдар жергілікті бюджетке түседі.

Жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және бейнетіркеу жүйелерін орнату бойынша полицияның, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамның ортақ жауапкершілігі еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін тиісті түрде сақтауға септігін тигізеді.