30 жыл бойы екі мемлекет қауіпсіздік, сауда, туризм, мәдениет және білім салаларындағы ортақ мүдделерді назарға ала отыра өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда. Бауырлас қалалар болып табылатын Нұр-Сұлтан мен Бангкок, Шымкент пен Паттайя арасында серіктестік байланыстар орнатты. Мемлекеттік органдар, парламенттер, іскерлік топтар, ғылым, білім беру және мәдени орталықтардың қатысуымен көптеген бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді.

Қазақстан мен Таиландтың Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Азиядағы ынтымақтастық диалогы және басқа да көптеген халықаралық құрылымдар аясындағы тығыз өзара іс-қимылы маңызды болып табылады. Корольдіктің өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына қатысып, әртүрлі конфессиялар арасындағы өзара құрмет пен төзімділікті нығайту бойынша Қазақстанның бастамаларын қолдады.

Азия құрлығының табиғи транзиттік тораптары ретінде ұқсас геосаяси сипаттарға ие бола отырып, Қазақстан мен Таиланд екіжақты ынтымақтастықтың ары қарай дамуын қалайды.