Отырысқа ВАК мүшелері, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, орталық мемлекеттік органдардың және олардың құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарының, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарының жергілікті атқарушы органдарының, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, "ҚазТрансОйл" АҚ, "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС, "SK Water Solutions" ЖШС, "Ak Su KMG" ЖШС, "Магистральдық Суағызғы" ЖШС өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ауыз су тапшылығы мәселелері талқыланды. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасарының, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағаларының, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасы орынбасарының, "Ak Su KMG" ЖШС, "Магистральдық Суағызғы" ЖШС бас директорларының су мәселесін шешу бойынша баяндамалары тыңдалды.

Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылға дейін халықтың сапалы ауыз суға 100% қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты Маңғыстау облысында су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды іске асыру ерекше өзектілікке ие. Сондықтан, су тапшылығын жою мақсатында өңірде аталған проблеманы шешуге бағытталған жобаларды іске асыруды тұрақты бақылауда ұстау қажет,- деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Отырыс барысында Маңғыстау облысы су қауіпсіздігінің бүгінгі жағдайы, оны одан әрі дамыту стратегиясы, сумен жабдықтау жөніндегі жобаларды іске асыру барысы, осы саладағы тарифтік саясат туралы мәселелер талқыланды. Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Бүгінгі күні Маңғыстау облысын сапалы сумен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті құралдар бар, сондықтан тиісті жұмысты сапалы және уақтылы жүргізу қажет,- деп атап өтті Серікқали Брекешев.