Кездесу барысында министрлік және Шетелдік инвесторлар кеңесінің өкілдері, мысалы, халықаралық сауданы ұйымдастыруға қажетті халықаралық цифрлық қолтаңбаны енгізу кезеңдерін талқылады. Стандартты электрондық қолтаңба (SES) қол қоюшы тұлға қолтаңба ретінде қолданатын басқа электрондық деректермен (мысалы, құжатпен) қисынды байланысқан электрондық формадағы деректерден тұрады.

Тәжірибені бағалау өлшемі бар пилоттық жобаны іске қосу арқылы Қазақстан халықаралық электрондық қолтаңбаны қолдану бойынша өз стратегиясын қалыптастырмақ.

«Қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайларға орай Цифрландыру бойынша жұмыс тобының өзектілігі арта түсті. Соңғы кездесуде халықаралық цифрлық қолтаңбаны қолдану мүмкіндіктері таныстырылды. Кейін бұл мәселе сарапшылар талқысына салынып, нәтижесінде біз келесі кезеңге – Жұмыс тобының бірлескен жоспарын жүзеге асыруға көштік»,- деді Бағдат Мусин.

Пилоттық жоба биыл күзде іске қосылмақ. Бұл ретте, үдеріске қатысушылар арасындағы күнделікті құжат айналымы мен келісішарт жасасу барысында SES қолданылатын болады. Осы уақыт ішінде көлемі алдын ала келісілген шағын транзакциялар жасалады, алайда бұл жоба аясында қомақты қаржылық операциялар жасалмайды.

Пилоттық жоба қорытындысы бойынша сарапшылар сынақ нәтижесі мен тәжірибенің оң және теріс жақтарын қысқаша баяндап, үкіметке әрі қарай бағыт беретін кеңестерін ұсынады.

Сонымен қатар ҚР ЦДИАӨМ, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен басқа да тиісті тараптар арасында Меморандум жасау жоспарланған.