Кездесу барысында Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріптестік, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньді қоса алғанда, сұхбаттасушылар Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың ағымдағы жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы шеңберінде өңіраралық байланыстарды одан әрі дамытуды талқыға салды. 

Тараптар ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және жоғары деңгейдегі тұрақты байланысты атап өтті. Мәлім болғандай, ағымдағы жылдың 4 шілдесінде ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев және Еуропалық Кеңестің Президенті Ш. Мишель телефон арқылы сөйлесті. Ағымдағы жылы ҚР – ЕО, сондай-ақ Орталық Азия – ЕО диалогты одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарлануда.

Т. Хакала «ЕО Қазақстанмен саяси, экономикалық және өңірлік диалогты сапалы дамытуға ерекше мән беретінін, сондай-ақ Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформаларға қолдау көрсететінін және оларды іске асыруға қолғабыс көрсетуге дайын екенін» атап өтті. Осы тұрғыда еуропалық тарап ағымдағы жылғы 5 маусымда өткізілген конституциялық референдумның қорытындыларын құптады. 

Тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамытудың өзектілігін атап өтті. Энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар, Р. Василенко «Еуропа мен Азия арасындағы өзара байланыс стратегиясы және «Жаһандық қақпа» стратегиясы аясында Қазақстан ЕО-мен өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін» мәлімдеді.  

Қазақстан-еуропалық қарым-қатынастарының құқықтық негізі ҚР және ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім болып табылады, ол өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтиды. Еуроодақ дәстүрлі түрде еліміздің сауда және инвестициялық серіктестерінің арасында бірінші орын алады; 2022 жылғы қаңтар-мамырда тауар айналымы 16,5 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 55,5%-ға жоғары (10,6 млрд. АҚШ доллары); 2022 жылдың 1 тоқсанында еуропалық инвестициялардың өсімі 31,3% құрады; ҚР-да еуропалық қатысумен 4000-нан астам компания жұмыс істейді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және өңіраралық форматтағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету үшін тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.