2022 жылғы 13 шілдеде «ЭЭҚРҚО» АҚ сауда жүйесінде Қызылорда облысында орналасқан учаскеде көлемі 240 МВт болатын генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттық өткізілді.
Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы маневрлік генерация жобаларын іске асыруға бағытталған инвестицияны кепілді қайтару тетігі бекітілді. Қабылданған шаралар алғашқы учаскелерді анықтауға және оларды әлеуетті инвесторларды тарту үшін дайындауға мүмкіндік берді. Генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттық өткізу графигіне сәйкес алғашқы аукцион Қызылорда облысында орналасқан учаске бойынша өтті. Болашақ электр станциясының белгіленген қуаты 240 МВт деп белгіленген.
Аукционға екі компания қатысты.
Аукциондардың қорытындысы бойынша іріктелген қуаттың жалпы көлемі 240 МВт құрады. Түріктің «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» компаниясы аукционның жеңімпазы болып танылды.
Сауда-саттық барысында аукционға қатысушылардан түскен өтінімдердің баға диапазоны айына 11 612 100 теңгеден 11 591 000 теңге/МВт* аралығында (ҚҚС-сыз) ауытқиды.
Электр станциясын салудың жоспарланған мерзімі – 3 жыл. Қызылорда бу-газ қондырғысын пайдалануға берудің күтілетін мерзімі – 2025 жыл.