«Халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар. Осындай жағдайда Үкіметтің және Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу қажет», деді Президент өз сөзінде.

Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттады.

«Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», деді Мемлекет басшысы.

«Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық. Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс».

«Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын».

«Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады. Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс».