Орталық және шет аумақтар арасындағы ахуалды теңестіруге 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін 5 жыл ішінде 183 млрд теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 2021 жылы 43 млрд теңге жұмсалды. Биыл облыстардың бөлінуін ескере отырып, 44 млрд теңгеге іс-шаралар іске асырылды.


«Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойынша 2021-2024 жылдар аралығында әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сапалы өзгеруіне 43 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2021 жылы жобаларды іске асыруға 14 млрд теңге жұмсалды, биыл 8 млрд теңге бөлінді. Шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жоспарларын іске асырудың 2 жылдық нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 9 спорт нысаны, шамамен 19 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, 283 километр сумен қамту жүйесі тартылды, 156 әлеуметтік нысан, сондай-ақ 450 км астам жолдар және көшелер жөнделді. Осы жылы 7 су құбыры, 3 әлеуметтік нысан салынуда, 12 нысан мен 177 шақырым жолдар мен көшелер жөнделуде»,  -  деді Д.Ахметов. 


Сонымен  қатар өңірде ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері салаға 5,4 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 1,5 млрд теңгеге Катонқарағай ауданының Өрел ауылында 250 орындық «Мұзтау «Эко-отелі» туристік кешені салынды.


Сондай-ақ 12 млрд теңгеге 36 жобаны іске асыру, оның ішінде Бұқтырма су қоймасында 12 демалыс базасы салына бастады.