Кездесу барысында қатысушылар әлемдік экономикадағы ағымдағы жағдай туралы пікір алмасып, ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) негізгі мәселелерін талқылады.

Іс-шара аясында ҚР ҰЭМ басшысы COVID-19 пандемиясы әлемдік экономикаға қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелгенін атап өтті. Жалғасып жатқан дағдарыс көптеген дамушы елдердің қаржылық және бюджеттік кеңістігін шектеді. Бұл жағдай Қазақстанға да әсерін тигізді.

«Дегенмен, 2021 жылы ҚР ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім) 4,1%-ға дейін өсті. Бірақ әлі де бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейінен төмен. Бұл ретте экономикаға инвестициялар 2,6%-ға, тікелей шетелдік инвестициялар 54,1%-ға ұлғайды. Осылайша, жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды», - деді министр.

Ә.Қуантыров атап өткендей, пандемия климаттың өзгеруі, азық-түлік және су қауіпсіздігінің болмауы, қоршаған ортаның нашарлауы сияқты басқа да жаһандық дағдарыстармен қатар жүреді.

Сондықтан Қазақстан Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударады.