Комиссия құрамына құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық атқарушы органдардың, Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның бірінші басшылары кіреді.
14.07.2022 ж. Бас прокуратурада Комиссияның ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Іс-шараны ашқан Комиссия төрағасының орынбасары – Бас Прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов комиссияның барлық іс-әрекеттері құқықтық нормаларға толық сәйкес келуі тиіс, құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал бизнеске қатысты асыра сілтеулер мен теріс пайдаланушылықтарға жол бермеуге міндетті екенін атап көрсетті.
Экономикалық ресурстарды шектеулі адамдардың қолында заңсыз шоғырландыруға ықпал еткен жағдайларды анықтау басымдық ретінде белгіленді. Ол үшін талдау жұмыстарына назар аудару керек, ал жоспардан тыс тексерулер заңда тікелей көзделген ерекше жағдайларда ғана жүргізілуі керек.
Мемлекеттік органдардың актілерін және сот шешімдерін талдау туралы
Қазір жекешелендіру, мемлекеттік активтерді олигополиялардың пайдасына иеліктен шығару туралы 8 мыңға жуық Үкімет актілерін және сот шешімдерін прокуратура органдары зерделеп жатыр. Олардың кейбіреулері бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданды және нәтижелері бар.
Мысалы, Үкіметтің қаулысы мен соттардың шешімдері бойынша жеке фирма 629 теміржолды ақысыз алған. Бұл тасымалдаушылар үшін тарифтің 10 есе өсуіне әкелді. Шешімдерге наразылық келтірілді, 332 кірме және магистральдық теміржол мемлекетке қайтарылды (қалғандары бойынша ревизия жалғасуда).
Ағымдағы жылғы маусымда сот актісіне Бас прокуратураның наразылығы қанағаттандырылды, ол бойынша бұрын 2,6 млрд теңге сомасындағы кредитті қайтармағаны үшін мемлекет «Халық Банкі» АҚ-ның пайдасына құны 12 млрд теңге «Қазақстан» шипажайына меншік құқығынан айырылған болатын.
Басқа мысал, жуырда ғана Жамбыл облысында 1,7 млрд теңгеге заңсыз жекешелендірілген 3 объект сот тәртібімен мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар монополиясыздандыру шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ (28,75%), «Көліктік сервис орталығы» АҚ (100%), «Акмолит» ЖШС (100%) тәрізді және басқа компаниялардың ақшалай қаражаты мен акциялары мемлекетке берілді. Осы активтердің алдын ала сомасы – шамамен 200 млрд теңге.
Бұрын заңға қарамастан тәркіленбей қалған ел аумағындағы объектілерге ревизия жалғасуда. Бүгінгі күні 36 объект (коммерциялық және тұрғын жылжымайтын мүлік, жер учаскелері) анықталды. Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Храпуновтың 8 жер учаскесін тәркілеу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалды.
Жоғарғы Сот Төлешовтің (билікті басып алуға әрекет жасағаны үшін сотталған, Шымкент сыра зауытының бұрынғы иесі) активтерін (Шымкенттегі балабақша және Сарыағаштағы профилакторий) заңсыз қайта ресімдеудің күшін жою туралы прокуратураның кассациялық өтінішхатын қарауда. Сондай-ақ олигополиялардың пайдасына қабылданған сот актілері бойынша жоғары сот сатысына 4 наразылық келтірілді. Оларды қайта қарау мемлекетке 30 млрд теңгеге жуық залалды өтеуді көздейді.
Бақылау жұмысы туралы
Ақмола облысындағы тексеру нәтижелері бойынша Целиноград ауданындағы 249 пайшының жер телімдерін негізсіз иемденген «Шаңырақ Агро» ЖШС-ға жер учаскесін беру жөніндегі конкурс қорытындыларын жою туралы сотқа талап қою берілді.
Алматыда ірі көтерме сауда базарындағы («Барыс–4») олигополиялардың бірінің үлесінің құны 5 есе төмен бағамен (нарық бойынша - 1.5 млрд, 307 млн теңгеге сатылды) өткізілгені анықталды. Ағымдағы жылғы шілдеде мәмілені бұзу және объектіні мемлекетке қайтару мақсатында талап қою енгізілді.
2019 жылы «Салтанат үйі» ЖШС-ның атына 601 млн теңге мөлшерінде төмендетілген құны бойынша объектінің өткізілгені анықталды, ал объектінің нарықтық құны 3 млрд. теңгені құрайды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2022 жылғы 28 маусымда сатып алушы бұрын сатып алынған ғимарат үшін 2 млрд 400 млн теңге қосымша төлем жасады.
Монополияға қарсы қызметті шектеу туралы
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануын анықтау мақсатында монополияға қарсы орган мұнай-газ, фармацевтика, көлік-логистика және экономиканың басқа да секторларында талдау жүргізуде. 140 млрд теңгеге заңсыз монополиялық кіріс алу фактілері анықталды. Қазір талдау және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Мысалы, а.ж. шілдеде Жамбыл облысы Экономикалық тергеу департаменті 697 млн теңге сомасына монополиялық табыс алуына байланысты (ҚР ҚК-нің 221-бабы бойынша) «Қазфосфат» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қылмыстық істер бойынша
Комиссия экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тергеп-тексеру органдарының күш-жігерін үйлестіруді қамтамасыз етуде. Ірі мөлшерде, оның ішінде шетелде қылмыстық кірісті заңдастыру белгілері бар неғұрлым резонанстық істерді тергеп-тексеру ерекше бақылауда. Бұл Қ.Сатыбалдыұлына, Г.Сатыбалдыға, Қ.Боранбаевқа, «ӨКМ» ЖШС операторының басшыларына қатысты және басқа істер. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру органдары қабылдаған шаралармен шамамен 230 млрд теңге, оның ішінде оларды шетелдік юрисдикциялардан қайтару жолымен өтелді.
Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексеріп жатқан іс бойынша айыпталушылар Лихтенштейннен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарды. Тергеп-тексеру органы «Қазақтелеком» АҚ, «Көліктік сервис орталығы» АҚ және басқа мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 млрд теңгені өтетті. ӨКМ Операторы ісі бойынша шамамен 180 млрд теңгені жымқырудың жолы кесілді («ӨКМ» ЖШС шотынан «Жасыл Даму» АҚ-ның (мемлекеттік ұйым, «ӨКМ Операторы» ЖШС акцияларының 100%-ына иелік етеді) шотына аударылды), оның шамамен 100 млрд теңгесі жеңілдікті автонесиелеуге бағытталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты іс бойынша Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 млн АҚШ доллары қайтарылды. Қаржылық мониторинг агенттігі Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында «Қазмұнайгаз» АҚ-ға шамамен 11,3 млрд теңге өтелді.
Жамбыл облысында сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу және талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде «ТаразЭнергосбыт» АҚ мемлекеттік ұйымына 2,2 млрд теңге өтелді.
Өзге мысал, қазіргі уақытта «Олимп» БК лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық іс аясында алып қойылған $5,5 млн және €200 мың қаражатты Ұлттық Банкке аудару рәсімі жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, 95 млрд теңгеге залал келтірген осы букмекерлік кеңсенің басшысы азамат С.-ны қоныс-колониясына ауыстыру (ұстау шарттарын жеңілдету) туралы Қапшағай қалалық сотының 06.06.2022 жылғы қаулысының күшін жою туралы жекеше өтінішхат енгізілді. Аталған іс бойынша мемлекет пайдасына шамамен 3,6 млрд теңге тәркіленді (4 ұшақ, 5 жер учаскесі, 15 автокөлік, Алматы қ. 30 жылжымайтын мүлік объектісі (тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар және т.б.). 11.07.2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында А. Балушкинге (халықаралық іздеуде, БИПЭК компаниялар тобының акционері) қатысты іс бойынша прокуратура 77 жылжымайтын мүлікті (оның ішінде «Рахман қайнары», «Нұртау» және «Порт Фортуна» демалыс базаларын), сондай-ақ 1 мың бірлік жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы қолдаухатты сотқа жолдады.
Күдіктілердің қылмыстық активтерін, оның ішінде шетелде анықтау, тыйым салу және тәркілеу жұмыстары жалғасуда.
Халықаралық ынтымақтастық және әдістемелік-ұйымдастырушылық жұмыс туралы
Барлық резонанстық істер бойынша қылмыстық қудалау кезінде дамыған елдердің тәжірибесі бойынша тергеудің қазіргі заманғы стандарттарын сақтау бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өту маңызды.
Бас прокуратура тергеп-тексеру органдарына ұрланған активтерді шетелден қайтару бойынша қадамдық алгоритмдер, әдістемелер мен сұрау салу үлгілерін дайындады.
Әрбір іс бойынша активтерді қайтару стратегиясы әзірленуде, қатар қаржылық тергеп-тексерулер – «Ақшаның ізіне түс» тұжырымдамасы іске асырылуда. Активтерді кейіннен тыйым салу мақсатында оларды тоқтатып қою жөнінде жедел шаралар қабылдануда. Ол үшін жоғарыда аталған елдердің қаржылық барлау бөлімшелерінің мүмкіндіктері, сондай-ақ «Carin» (Еуропа) және «Arin AP» (Азия және Океания) шетелдік ақпарат алмасу желілері пайдаланылады.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура Дүниежүзілік банктің және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Ұрланған активтерді қайтару жөніндегі бастамасымен («СтАР») ынтымақтастық орнатты.
Қаржы министрлігі Еуропалық Одаққа, Түркияға және БАӘ-ге аталған елдердің кедендік аумағына кіру кезінде қолма-қол шетел валютасын декларациялаған Қазақстанның резиденттері (шамамен 340 жеке тұлға) бойынша ақпарат беру туралы сұрау салу жіберді. Өткізілген отырыстың нәтижелері бойынша жұмыс тобының мүшелері Комиссия алдында белгіленген міндеттерді сапалы орындауға бағытталған қызметті жандандыру жөнінде пікір алмасты.
Атап айтқанда, Комиссия: 1) жоғары маржиналды мемлекеттік активтерді жекешелендіру және сатып алу; 2) үстеме табыс әкелуге мүмкіндік беретін экономика секторларында, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестікті жою немесе шектеу; 3) мемлекет мүдделеріне залал келтіре отырып, жеңілдікті салық салу, тарифтік саясат және т.б. түріндегі артықшылықтарды енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану, ауыр өнеркәсіп, қаржы секторы, құрылыс және экономиканың басқа да салаларындағы жекелеген компаниялардың табыстылығын ұлғайту үшін жекелеген адамдарға негізсіз қолайлы жағдай жасайтын алғышарттарды анықтау мақсатында талдау жүргізеді.
Ақпараттық сүйемелдеу мақсатында Комиссияның веб-сайтын құру туралы шешім қабылданды. Сайтта кез келген жеке және заңды тұлғалар Комиссия қызметіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат жібере алатын бөлім қолжетімді болады. Бұл ақпарат комиссия жұмысы шеңберінде зерделенетін болады.
Отырыс қорытындысы бойынша экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және активтерді қайтаруға қарсы іс-шараларды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.