Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында қазіргі уақытта ведомство дизель отынына сараланған баға белгілеудің бірнеше нұсқасын қарастырып жатқанын атапөтті.
Отынның шығарылуына (отандық және импорттық) және тұтыну субъектісіне (ҚР азаматы және бейрезидент/бөлшек және ірі сатып алушылар) қарай саралау бойынша тәсілдер зерделенетін болады. Бұдан басқа, шекаралас аймақтарда орналасқан жанармай құю станциялары, сондай-ақ орташа өлшенген бағамен импорттық дизель отынын өткізу үшін сараланған баға белгілеудің нұсқалары қарастырылады.
Б. Ақшолақовтың айтуынша, аталған ұсыныстарды барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен тараптар мұқият зерделейді және жақын арада қарауға енгізілетін болады.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті жол битумының тапшылығын жоюды тапсырған болатын.
«Техникалық отандық битум өндірушілердің өндірісті 300 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Нәтижесінде жыл сайынғы жиынтық қуат жылына 1,2-1,3 млн тоннаны құрайтын болады, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толықтай жабады. Тапшылық битумды біркелкі алмау себебінен туындайды, атап айтқанда қысқы-көктемгі кезеңде битум өндіруге іс жүзінде өтінім түспейді», — деді Энергетика министрлігінің басшысы.
Оның айтуынша, министрлік битум сатып алу үшін жалғыз жеткізуші ретінде «ҚазАвтоЖолды» анықтауды ұсынады.
Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың бірі – фискальдық преференциялар берумен ресурстық базаны және газ өңдеуді ұлғайту бойынша жүйелік шаралар әзірлеу.
Б. Ақшолақов Жер қойнауын пайдалануға арналған жақсартылған модельдік келісімшарт, соның ішінде газ жобалары үшін тетік енгізу бойынша заңнамалық өзгерістердің топтамасы дайындалғанын хабарлады.
Мысалы, жобаның өтелу мерзіміне дейін корпоративтік табыс салығы және экспорттық кедендік баж, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салық режимін қолдану бойынша салықтық босатулар түрінде ретттеушілік және фискальдық преференциялар көзделіп отыр. Заңнамаға тиісті түзетулер ағымдағы жылдың соңына дейін қабылданатын болады.
«Бұл шаралар шамамен 93,6 млрд текше метр көлемінде жиынтық газ қорымен және 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд текше метр көлемінде қосымша тауарлық газды өндірумен газ кен орындарын игеруге мүмкіндік береді», — деді ол.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес сұйытылған мұнай газының биржасына көшу 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды. Биржаларда сауда-саттықтың күрт өсуіне жол бермеу мақсатында сауда-саттық белгіленген шекті бөлшек баға шегінде жүргізіледі.
Қаржы министрлігімен бірлесіп сұйытылған мұнай газы үшін көлікке ілеспе жүкқұжатты және сату кезінде фискальдық чектерді жазу бойынша талаптарды қатаңдатуды заңды түрде енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ салалық мемлекеттік орган бақылайтын тапшы тауарлар үшін бірыңғай тауар биржасын анықтау ұсынылды.
«Жоғарыда көрсетілген шаралар сұйытылған газ саудасы кезінде ашықтықты және жүргізілетін операцияларды қадағалауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді энергетика министрі.
Қазіргі уақытта министрлік «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР заңына, Кәсіпкерлік кодексіне, Салық кодексіне, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске ішкі нарықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша әділдік және бәсекелестік тетігін енгізу бөлігінде түзетулер әзірледі.
Бұдан басқа, біртұтас электр жүйелерінің Оңтүстік және Батыс аймақтарының электр энергиясы қуаттарын енгізу және электр желілерін күшейту жөніндегі жобаларды уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Б. Ақшолақовтың мәліметінше, бүгінгі таңда шамамен 340 МВт электр қуаты енгізілді, осы жылдың соңына дейін шамамен қосымша 240 МВт электр қуатын енгізу жоспарланған. Биыл шамамен 580 МВт енгізілетін болады, бұл болжамнан 2 есе төмен (1,1 ГВт).
«Болжамдық көрсеткіштердің орындалмау себебі жабдықтарды жеткізуді кешіктіруге әсер еткен Қытай Халық Республикасындағы геосаяси жағдай мен пандемия салдары болып табылады», — деді Энергетика министрлігінің басшысы.
Сонымен қатар Ұлттық электр желілерін даңғырту жұмысы жүргізілуде, оның ішінде:
- Батыс энергия аймағы электр желілерін күшейту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың жүру прогресі 12,5% - ды құрайды. Аяқтау мерзімі – 2023 жыл.
- Оңтүстік энергия аймағының электр жүйелерін күшейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Оны ағымдағы IV тоқсанда аяқтау жоспарланып отыр, содан кейін жобаны іске асырудың параметрлері мен мерзімдері айқындалатын болады.