Щучинск-Бурабай курорттық аймағына бір апталық жазғы демалысқа шалғай гарнизондардан 12-14 жас аралығындағы балалардың алғашқы тобы келіп жетті. Олардың арасында спорттың әр түрі бойынша республикалық жарыстарға қатысушы оқушылар бар.

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық балалар лагерінің бірінші ауысымының ашылу салтанатына Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев қатысты.

– «Жас сарбаз» әскери-патриоттқ лагерінде сендер тек демалып қана қоймай, жаңа достар тауып, болашақ Отан қорғаушыға қажетті білімдерің мен біліктеріңді де шыңдай түсесіңдер. Сендер шымыр да мықты және туған жерін сүйетін азамат болып өсулерің керек, – деді генерал-майор Серік Борамбаев. 

Балалар жылында Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті мамандары Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен  Орталық спорт клубымен бірлесіп мәдени-демалыс және спорттық іс-шараларды, жорықтар мен экскурсияларды қамтитын бағдарламалар дайындады.  

Жасөспірімдер жерге бағдарлау жүргізу мен орманда өмір сүру сабақтарын алады, импровизацияланған материалдардан шатыр орнатуды, лагерь жағдайында тамақ дайындауды үйренеді.

Жақын арада Алматы облысындағы әскери-патриоттық балалар лагері өз жұмысын бастайды. Мұнда да оқушыларға екі апталық ауысымға арналған мазмұнды бағдарлама дайындалған. Олар үшін Алматы қаласына экскурсиялар, хайуанаттар бағы мен дельфинарийге бару, концерттер, конкурстар және Орталық спорт клубының атақты олимпиадалық спортшыларымен кездесулер де ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Орталық спорт клубының Панфилов кентіндегі оқу-жаттығу орталығына бару да жоспарланған. Онда білікті нұсқаушылар кедергілер жолағынан өту, арқан паркінде шеберлік сабақтарын өткізіп, спорттық снарядтарда жаттығулар көрсетеді.

Ата-аналар атап өткендей, ашық ауада демалу оң нәтиже береді. Жасөспірімдер физикалық тұрғыдан шыңдалады, шығармашылық әлеуетін дамытады, жаңа достар табады және алғашқы әскери дайындық туралы білім алады.