Ведомство басшысының пайымдауынша, бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр.

«Орын алған бұл мәселені жедел шешу мақсатында қазақстандық авиатасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырдым. Осылайша, жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа ұшақ пайдалануға берілетін болады. Аталған шаралар тасымалдау сыйымдылығын едәуір арттыра түспек», – деп жазды министр.

Сонымен бірге әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны мәлім болды.

Жалпы рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, ИИДМ басшысының тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті тергеу амалдарын бастап кетті. Егер жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталса, тиісті авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Сандарды сөйлетсек, қазіргі уақытта әуе кеңістігінде жолаушыларды 75 ұшақ тасымалдайды. 2022 жылдың жарты жылында тасымалданған жолаушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 4,6 млн жолаушыны құрап отыр. Пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда өсім 28 пайызды құрайды.