Нәтижесінде Алматы электр самокаттарын жалға алу нарығының 100%-ын алатын 4 ірі компанияның өкілдерімен кездесулер өтті. Талқылау барысында қала тұрғындарының мүддесі үшін Алматыда жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты меморандум жасалды.

Меморандумға сәйкес, қалада электр самокаттардың жылдамдығы қосымшалардың көмегімен 25 км/сағ дейін шектеледі, жасқа қатысты талаптар күшейтіледі – электр самокаттарды тек 16 жастан асқан адамдар ғана жалға ала алады.

Операторлар электр самокаттардың метро кіреберістерінің, қоғамдық ғимараттардың жанында, газондарда, қозғалыс және жаяу жүргіншілер бөліктерінде тікелей жақын болмауын қадағалайтын болады. Сондай-ақ, қалада арнайы автотұрақтар жасалады. Келесі жылдың соңына дейін қалада 3000 тұрақ орнын жабдықтау жоспарлануда.

Жаңа ережелер меморандумға қол қойылған сәттен бастап бір ай ішінде – ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін күшіне енеді.

Еске салсақ, самокаттарды жалға беру қызметі Алматыда 2018 жылдан бастап қолға алынды. Қазіргі уақытта нарықта 15 мың электр самокатын жалға беретін 4 компания (Sym, Jet, Eleven, Whoosh) жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қалада күн сайын электр самокаттармен 100 мыңға жуық жол қозғалысы жасалады.