Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Болон процесі және академиялық мобильдік орталығының директоры Айдос Мұқатаев хабарлады. Спикер бұдан бөлек интеграциялық мәселелер де қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда қос дипломдық бағдарламалар жүзеге асырылуда.

«2021-22 оқу жылында 41 ЖОО-да осындай 213 бағдарлама болды. Оның аясында 1238 адам білім алды, оның ішінде 600 астамы бакалавриат, 591-і магистратура және 11 адам докторантура деңгейінде білім алды. Қос дипломдық бағдарлама бойынша ЖОО әріптестері жан-жақты. Оның ішінде Нью-Йорк мемлекеттік университеті, Оңтүстік Кореяның Кандонгу университеті, Қытай педагогикалық университеті сияқты ірі, әлемдік деңгейдегі білім ордалары. Осындай бағдарламалардың жалғасы ретінде М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Аризона Университетінің (АҚШ) арасында қос дипломдық бағдарламаны дамыту жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бүгінгі күні білім алушылар қабылдануда», - деді спикер.

Бұл бағдарламаның артықшылығы – Аризона университеті әлемнің алдыңғы қатардағы университеттерінің бірі, Қазақстан ол жердегі білім мен ғылымның даму мәселелеріне қызығушылық танытып отыр. Болон процесі және академиялық мобильдік орталығының директоры екі ел мен университеттер арасындағы тәжірибе, біріккен диплом беру мәселелері жоғарғы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін одан ары арттыра түсетініне сенім білдірді.